Баяғыда бір мұсылман бала Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кімде-кім жәннаттан үмітті болса, пайдалы сөз айтсын немесе үндемесін» деген хадисін естіп, соған лайық әрекет етуге тырысады екен. Өзі жас. Пайдалы ештеңе айта алмайтын болған соң, үндемеуге бел буыпты. Үндемейтіні айналасындағыларды таңырқатып, әкесі алаңдай бастапты. «Осы менің балам ауру емес пе екен?» деген оймен баланы емшіге апарады. Емші:
– Балаңыз зеріккен. Оны қаланың сыртына серуендеуге шығарыңыз,- депті. Әкесі баланы ертіп, шаһардың сыртын орман-тоғайлы жерге серуенге шығады. Екеуі келе жатса, бір құс шықылықтай береді. Әкеcі баласының көңілін көтермек болып, дауыс шыққан жерді іздеп жүріп, құсты ұстап алады. Оны торға салып жатқанда, баласы:
– Әй, байғұс! Шықылықтай бермей, үндемей отырғаныңда, сен мынандай күйге түспес едің, - дейді. Әкесі болса:
– Сен сөйлей алады екенсің ғой. Ендеше елдің бәрін неге әбігерге саласың? - деп шапалақпен тартып жібереді.
Сонда бала:
– Міне, мен де үндемей-ақ қойғанда шапалақ жемес едім, - деген екен